«Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 5 маусымдағы № 297-VIII Конституциялық Заңы (қолданысқа енген жоқ)

Предыдущая страница

2. Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайға арнаулы жолдауымен заң жобаларын қараудың басымдығын айқындауға құқылы, бұл тиісті заң жобалары бірінші кезекте екі ай ішінде қабылдануға тиіс дегенді білдіреді. Оларды қарау тəртібі Құрылтай Регламентінде айқындалады.

3. Халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тəртіптің сақталуына, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі заң шығару бастамасымен енгізген заң жобаларын Құрылтай дереу қарауға тиіс.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген заң жобалары Құрылтайға енгізілген жағдайда Үкімет өзіне жауапкершілік ала отырып, Қазақстан Республикасы Конституциясының 60-бабының 3-тармағында көрсетілген мəселелер бойынша заң күші бар уақытша нормативтік құқықтық акт қабылдауға құқылы. Мұндай акт Құрылтай қабылдаған заң күшіне енгенге дейін немесе Құрылтай заң жобаларын қабылдамай тастағанға дейін қолданыста болады.

 

22-бап. Конституциялық заңдарды, заңдарды жəне Құрылтай қаулыларын қабылдау

1. Конституциялық заң Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген мəселелер бойынша Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің дауысымен қабылданады.

2. Қазақстан Республикасының Конституциясында өзгеше көзделмесе, Құрылтай депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен заңды қабылдайды.

3. Қазақстан Республикасының Конституциясында өзгеше көзделмесе, Құрылтай қаулысы депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады.

4. Қазақстан Республикасының заңнамалық жəне өзге де нормативтік құқықтық актілерін əзірлеу, ұсыну, талқылау, қолданысқа енгізу жəне жариялау тəртібі заңда жəне Құрылтай Регламентінде реттеледі.

 

23-бап. Заңдарды Қазақстан Республикасының Президентіне қол қоюға ұсыну

1. Қазақстан Республикасының Президенті қол қойғанға дейін заңдарды Құрылтай Төрағасы мен Премьер-Министр алдын ала қол қойып бекемдейді, оларға заңдардың Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сəйкестігі үшін жауаптылық жүктеледі.

2. Құрылтай қабылдаған заң Құрылтай Регламентінде белгіленген тəртіппен он күн ішінде Қазақстан Республикасының Президентіне қол қоюға ұсынылады.

3. Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды, заңды халыққа жариялайды не заңды немесе оның жекелеген баптарын қайта талқылап, дауысқа салу үшін қайтарады.

Қазақстан Республикасы Президентінің заңдарға қол қоюы үшін берілетін бір ай мерзім Қазақстан Республикасының Президенті заңды алған күннен бастап есептеледі жəне келесі айдың тиісті күнінде (көрсетілген күні) аяқталады. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күні көрсетілмеген айға тұспа-тұс келсе, онда мерзім сол айдың соңғы күнінде аяқталады.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім ішінде қайтарылмаған заң қол қойылды деп саналады.

4. Егер Құрылтай сессиясы заңды Қазақстан Республикасы Президентінің қайтаруы ықтимал мерзім өткенге дейін жабылса, заң Құрылтайдың кезекті сессиясының алғашқы күні қайтарылады.

5. Заң, оның ішінде конституциялық заң Қазақстан Республикасының Президенті қол қойғаннан кейін күшіне енеді.

 

24-бап. Құрылтайдың Қазақстан Республикасы Президентінің қарсылығын қарауы

1. Қазақстан Республикасы Президентінің қарсылығымен қайтарылған заң немесе оның жекелеген баптары Құрылтайдың тиісті тұрақты комитеті қорытынды əзірлегеннен кейін шешім қабылдау үшін Құрылтай отырысына шығарылады.

2. Қазақстан Республикасы Президентінің қарсылығын туғызған заңды немесе оның жекелеген баптарын қайта талқылап, дауысқа салу қарсылық жіберілген күннен басталатын жəне келесі айдың тиісті күнінде (көрсетілген күні) аяқталатын бір ай мерзімде өткізіледі. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күні көрсетілмеген айға тұспа-тұс келсе, онда мерзім сол айдың соңғы күнінде аяқталады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-бабының 4-тармағында жəне 60-бабының 2 жəне 4-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, егер бір ай мерзім уақыты жағынан Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-бабының 3-тармағында белгіленген Құрылтай жұмысының сессия өтетін кезеңімен сəйкес келмесе, бұл мерзім үзіледі. Бұл мерзімнің сақталмауы Қазақстан Республикасының Президенті қарсылығының қабылданғанын білдіреді.

3. Құрылтайда қарсылықты қарау барысында Қазақстан Республикасының Президенті депутаттардың ұсыныстарын ескере отырып, заңның тұтастай не оның жекелеген баптарының өз қарсылығында ұсынған редакциясын өзгертуге құқылы.

4. Құрылтай отырысында заң немесе оның жекелеген баптары қайта талқыланып, дауысқа салынған кезде, егер Қазақстан Республикасы Президентінің қарсылығы тұтастай заңға қатысты туындаса, тұтастай заң бойынша не Президенттің қарсылығын туғызған оның жекелеген баптары бойынша дауысқа салу өткізіледі.

5. Егер Құрылтай конституциялық заң немесе оның жекелеген баптары бойынша депутаттардың жалпы санының төрттен үшінің дауысымен, ал заң немесе оның жекелеген баптары бойынша депутаттардың жалпы санының үштен екісінің дауысымен Қазақстан Республикасы Президентінің қарсылығын еңсерсе, Президент бір ай ішінде конституциялық заңға немесе заңға қол қояды.

6. Егер Қазақстан Республикасы Президентінің қарсылығы еңсерілмесе, конституциялық заң немесе заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп саналады.

 

25-бап. Заң жобаларын қабылдамай тастау

1. Құрылтай заң жобасын депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен тұтастай қабылдамай тастауға құқылы. Заң жобасы оны қараудың кез келген сатысында қабылданбай тасталуы мүмкін. Қабылданбай тасталған заң жобасы қабылданбады деп саналады жəне бастамашыға қайтарылады.

2. Үкімет енгізген заң жобасы қабылданбаса, Премьер-Министр Құрылтай отырысында Үкіметке сенім білдіру мəселесін қоюға құқылы. Бұл мəселе сенім білдіру мəселесі қойылғаннан бастап қырық сегіз сағаттан кейін ғана дауысқа салынады. Егер сенімсіздік вотумы туралы ұсыныс Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысын алмаса, заң жобасы дауысқа салынбай қабылданды деп саналады. Алайда Үкімет бұл құқықты жылына екі реттен артық пайдалана алмайды.

Ағымдағы жыл (1 қаңтар - 31 желтоқсан аралығы) осы тармақтың бірінші бөлігіне қатысты «жыл» деген уақыт кезеңі ретінде түсініледі.

 

26-бап. Заң жобаларын кері қайтарып алу

Қазақстан Республикасының Президенті, Құрылтай депутаттары, Үкімет жəне Қазақстан Халық Кеңесі заң шығару бастамасымен өздері енгізген заң жобасын Құрылтайдан оны қараудың кез келген сатысында кері қайтарып алуға құқылы.

Заң жобасын кері қайтарып алу тəртібі Құрылтай Регламентінде айқындалады.

 

 

5-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАРЫН ТАҒАЙЫНДАУҒА КЕЛІСІМ БЕРУ, ЖОҒАРҒЫ СОТ СУДЬЯЛАРЫН САЙЛАУ ЖƏНЕ ЛАУАЗЫМЫНАН БОСАТУ, СОНДАЙ-АҚ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ СУДЬЯЛАРЫН ЖƏНЕ ЖОҒАРҒЫ СОТ СУДЬЯЛАРЫН ҚОЛ СҰҒЫЛМАУ КЕПІЛДІГІНЕН АЙЫРУ ЖӨНІНДЕГІ ӨКІЛЕТТІКТЕРДІ ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУЫ

 

27-бап. Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарын тағайындауға Құрылтайдың келісім беруі

1. Құрылтайдың келісімімен Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын Қазақстан Республикасы лауазымды адамдарының тізбесі Қазақстан Республикасының Конституциясында айқындалады.

2. Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының Вице-Президентін, Премьер-Министрін, Конституциялық Сотының судьяларын, Орталық сайлау комиссиясының жəне Жоғары аудиторлық палатасының мүшесін тағайындауға Құрылтайдың келісімін алу үшін Құрылтайға жазбаша ұсыну енгізеді, солардың негізінде тиісті мəселені Құрылтайдың таяудағы отырысының күн тəртібіне енгізу туралы шешім қабылданады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кандидатурасын Құрылтайда өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен консультациядан кейін енгізеді.

3. Осы баптың 2-тармағында аталған Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарын тағайындауға Құрылтайдың келісімі Құрылтай отырысында депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен беріледі.

Құрылтай отырысында лауазымға тағайындауға келісім беру туралы мəселе қаралған кезде кандидатураларды Қазақстан Республикасының Президенті немесе ол уəкілеттік берген лауазымды адам ұсынады.

4. Конституциялық Сот судьяларының, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерінің лауазымдарына кандидатуралар Құрылтай отырысында қаралғанға дейін Құрылтай Бюросының шешімімен айқындалатын Құрылтайдың тиісті тұрақты комитетінің отырысында талқылануға тиіс. Талқылау нəтижесі бойынша комитет Құрылтай отырысында жария етілетін қорытынды шығарады.

5. Құрылтай Президент ұсынған кандидатураларды тағайындауға келісім беруден бас тарту туралы шешім қабылдаған жағдайда Президент Құрылтайға сол адамдар немесе жаңа кандидатуралар бойынша жазбаша ұсыну енгізеді.

Конституцияның 62-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Вице-Президентті, Премьер-Министрді, Конституциялық сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға келісім беруден қайта бас тартылған жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратуға құқылы.

6. Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайдың келісімімен тағайындайтын Қазақстан Республикасы лауазымды адамдарының кандидатуралары бойынша Құрылтайдың шешімі, егер Құрылтай дауыс берудің өзге тəртібін айқындамаса, əр кандидатура бойынша ашық дауыс беру арқылы жеке қабылданады жəне қаулымен ресімделеді.

Қазақстан Республикасының Президенті ұсынған кандидатураларды тағайындауға келісім беруден бас тарту туралы Құрылтайдың шешімі қабылдамай тастау себептерінің толық уəждемесін қамтуға тиіс.

 

28-бап. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын сайлау жəне лауазымынан босату

1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын Құрылтай Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымы негізінде Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуымен Құрылтай отырысында депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен сайлайды жəне лауазымынан босатады.

Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайға жазбаша ұсыну енгізеді, солардың негізінде тиісті мəселені Құрылтайдың жақын уақыттағы отырысының күн тəртібіне енгізу туралы шешім қабылданады.

2. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын сайлау жəне лауазымынан босату үшін ұсынылған кандидатуралар Құрылтай отырысында қаралғанға дейін Құрылтай Бюросының шешімімен айқындалатын Құрылтайдың тиісті тұрақты комитетінің отырысында талқылануға тиіс. Талқылау нəтижесі бойынша комитет Құрылтай отырысында жария етілетін қорытынды шығарады.

3. Құрылтай отырысында мəселені қарау кезінде кандидатураны Қазақстан Республикасының Президенті немесе ол уəкілеттік берген лауазымды адам ұсынады.

4. Құрылтай Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын сайлау туралы шешім қабылдамаған жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайға сол адамдар немесе жаңа кандидатуралар бойынша жазбаша ұсыну енгізеді.

Құрылтай Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын лауазымынан босату туралы шешім қабылдамаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайға осы мəселе бойынша қайта ұсыну енгізуге құқылы.

5. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын сайлау жəне лауазымынан босату жөніндегі Құрылтайдың шешімі, егер Құрылтай дауыс берудің өзге тəртібін айқындамаса, Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен əр кандидатура бойынша ашық дауыс беру арқылы жеке қабылданады жəне қаулымен ресімделеді.

Қазақстан Республикасының Президенті сайлау немесе лауазымынан босату үшін ұсынған кандидатураларды қабылдамай тастау туралы шешім қабылдамай тастау себептерінің толық уəждемесін қамтуға тиіс.

 

29-бап. Конституциялық Сот судьяларын, Жоғарғы Сот судьяларын қол сұғылмау кепілдігінен айыру

1. Конституциялық Сот судьяларын, Жоғарғы Сот судьяларын қылмыс орнында немесе ауыр жəне аса ауыр қылмыс жасағанда ұстау жағдайларын қоспағанда, оларды өз өкілеттігі мерзімі ішінде Құрылтайдың келісімінсіз ұстауға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп əкелуге, сот тəртібімен қолданылатын əкімшілік жазалауға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.

2. Конституциялық Сот судьясын, Жоғарғы Сот судьясын ұстауға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп əкелуге, сот тəртібімен қолданылатын əкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауаптылық-қа тартуға келісім алу үшін Бас Прокурор Құрылтайға ұсыну енгізеді. Ұсыну Конституциялық Сот судьясын, Жоғарғы Сот судьясын күдіктінің іс-əрекеттерін саралау туралы қаулымен таныстырудың, ұстаудың, оны күзетпен ұстауға санкция беру туралы өтінішхатпен сотқа жүгінудің, үйқамаққа алудың, күштеп əкелудің, сондай-ақ əкімшілік құқық бұзушылық туралы істі сотқа жіберудің алдында енгізіледі.

Бас Прокурордың ұсынуы келіп түскен күнінен бастап екі аптадан кешіктірілмей қаралады жəне Құрылтай тиісті лауазымды адамдардан қосымша ақпарат беруді талап етуге құқылы. Құрылтай уəжді шешім қабылдайды жəне оны Бас Прокурорға жəне анықтау мен алдын ала тергеп-тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік органның басшысына үш жұмыс күні ішінде жібереді. Конституциялық Сот судьясы, Жоғарғы Сот судьясы өзіне ешкімнің тиіспеуі туралы мəселені Құрылтай қараған кезде қатысуға құқылы.

3. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталу себебі Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелгеннен кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеру Бас Прокурордың келісімімен ғана жалғастырылуы мүмкін. Конституциялық Сот судьясы, Жоғарғы Сот судьясы қылмыс орнында ұсталған не ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не ол ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Бас Прокурордың келісімін алғанға дейін, бірақ бір тəулік ішінде оны міндетті түрде хабардар ете отырып жалғастырылуы мүмкін.

Істі тергеп-тексеру барысында заңдылықтың сақталуын қадағалауды Бас Прокурор жүзеге асырады.

 

 

6-тарау. ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ ҮКІМЕТПЕН ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛЫ

 

30-бап. Үкімет мүшелерін тағайындау үшін кандидатуралар бойынша Құрылтаймен консультация өткізу

1. Үкімет мүшелерін тағайындау үшін Қазақстан Республикасының Президентіне Премьер-Министр ұсынатын кандидатуралар бойынша Құрылтаймен оның тиісті тұрақты комитеттерінде консультация өткізіледі.

2. Тұрақты комитеттің отырысында консультация өткізу кезінде тағайындау үшін кандидатураларды Премьер-Министр немесе ол уəкілеттік берген лауазымды адам ұсынады.

3. Консультация нəтижесінде тұрақты комитет талқыланатын əрбір кандидатура бойынша ұсынымдық сипаттағы қорытынды шығарады.

 

31-бап. Үкімет мүшелерінің өз қызметі жөніндегі есебі

Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасымен Құрылтай Үкімет мүшелерінің өз қызметі жөніндегі есебін тыңдауға құқылы.

Үкімет мүшесі Қазақстан Республикасының заңдарын орындамаған жағдайда, Үкімет мүшелерінің есебін тыңдау қорытындысы бойынша Құрылтай депутаттардың жалпы санының кемінде үштен екісінің дауысымен Қазақстан Республикасының Президентіне оны лауазымынан босату туралы өтініш білдіру жөнінде шешім қабылдауға құқылы. Бұл жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Үкімет мүшесін лауазымынан босатады.

 

32-бап. Премьер-Министрдің Үкімет қызметі туралы баяндамасы

Құрылтай Үкімет қызметінің негізгі бағыттары жəне оның барлық аса маңызды шешімдері туралы Премьер-Министрдің баяндамасын Құрылтай отырысында тыңдайды.

 

33-бап. Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіру

1. Құрылтай депутаттардың жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіруге құқылы.

2. Құрылтайдың республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін бекітпеуі Құрылтайдың Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіруі деп саналады.

3. Үкімет енгізген заң жобасы қабылданбаса, Премьер-Министр Құрылтай отырысында Үкіметке сенім білдіру мəселесін қоюға құқылы.

 

34-бап. Құрылтай депутаттарының заң жобалары мен түзетулеріне Үкіметтің беретін қорытындысы

Құрылтай депутаттары бастамашы болған жəне Қазақстан Республикасы Конституциясының 60-бабының 6-тармағына сəйкес Үкіметтің оң қорытындысын талап ететін заң жобалары Құрылтайға ресми енгізілгенге дейін Үкімет қорытындысын алуға жіберіледі.

Құрылтайдың қарауындағы заң жобаларына депутаттардың мемлекеттік кірісті қысқартуды немесе мемлекеттік шығысты ұлғайтуды көздейтін түзетулері Үкіметтің оң қорытындысы болған кезде ғана енгізілуі мүмкін.

Үкімет қорытындыларын ұсыну мерзімі үш айдан аспауға тиіс.

 

 

7-тарау. ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ ТҰРАҚТЫ КОМИТЕТТЕРІ МЕН КОМИССИЯЛАРЫНЫҢ

ӨКІЛЕТТІКТЕРІ ЖƏНЕ ОЛАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ

 

35-бап. Құрылтайдың тұрақты комитеттері

1. Тұрақты комитеттер Құрылтайдың бірінші сессиясында депутаттар арасынан Құрылтай отырысында құрылады.

Комитеттердің саны мен атауы депутаттардың ұсынысы бойынша айқындалады. Комитеттер саны сегізден аспауға тиіс.

2. Құрылтай төрағасы мен оның орынбасарлары Құрылтайдың тұрақты комитеттерінің құрамына кіре алмайды.

Құрылтай депутаты бір ғана комитеттің мүшесі бола алады.

Тұрақты комитеттер саяси партиялар фракцияларының өкілдігі ескеріліп құрылады.

3. Құрылтай Бюросы тұрақты комитеттер қызметінің бағыттарын айқындайды.

4. Тұрақты комитеттерді қалыптастыру тəртібі мен олардың қызметін ұйымдастыруға байланысты жəне осы Конституциялық заңда реттелмеген мəселелер Құрылтай Регламенті арқылы шешіледі.

 

36-бап. Тұрақты комитеттердің төрағалары

1. Тұрақты комитеттің жұмысына оның төрағасы басшылық етеді.

2. Тұрақты комитеттердің төрағалары, егер Құрылтай дауыс берудің өзге тəртібін айқындамаса, Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Құрылтай отырысында ашық дауыс беру арқылы сайланады. Шешім əр кандидатура бойынша жеке қабылданады жəне қаулымен ресімделеді.

Комитеттер төрағаларының лауазымдарына кандидатураларды депутаттар ұсынады.

Құрылтайдағы оппозиция өз депутаттарының арасынан комитеттер төрағаларының лауазымдарына кандидатуралар ұсынуға құқылы.

Құрылтай комитеттерінің бірінің төрағасы осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген тəртіппен Құрылтайдағы оппозициядан ұсынылған депутаттар арасынан сайланады.

3. Тұрақты комитеттің төрағасы комитет мүшелері жалпы санының кемінде үштен екісінің бастамасы бойынша Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен лауазымынан кері шақырып алынуы мүмкін.

Комитет төрағасы Құрылтай Төрағасының атына лауазымынан босату туралы өтініш беруге құқылы, егер Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілігі қолдап дауыс берсе, өтініш қабылданды деп саналады.

4. Тұрақты комитет төрағасының бір орынбасары болады, ол комитет мүшелерінің арасынан комитет мүшелері жалпы санының көпшілік дауысымен комитет отырысында ашық дауыс беру арқылы сайланады.

Комитет төрағасының орынбасары лауазымына кандидатураны комитет мүшелері ұсынады.

Құрылтайдағы оппозиция өз депутаттарының арасынан комитет төрағаларының орынбасарлары лауазымдарына кандидатуралар ұсынуға құқылы.

Құрылтайдың екі комитетінің төрағасының орынбасары осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген тəртіппен Құрылтайдағы оппозициядан ұсынылған депутаттар арасынан сайланады.

Комитет төрағасының орынбасары комитет жұмысын ішкі ұйымдастыру мəселелерін шешеді, комитет төрағасының уəкілеттік беруімен комитет отырыстарын жүргізеді, сондай-ақ комитет төрағасы орнында болмаған немесе өз міндеттерін жүзеге асыруы мүмкін емес жағдайда оның міндеттерін атқарады.

Комитет төрағасының орынбасары комитет төрағасының немесе комитет мүшелерінің ұсынысы бойынша комитет мүшелері жалпы санының көпшілік дауысымен лауазымынан кері шақырып алынуы мүмкін. Комитет төрағасының орынбасары комитет төрағасының атына лауазымынан босату туралы өтініш беруге құқылы, егер комитет мүшелерінің көпшілігі қолдап дауыс берсе, өтініш қабылданды деп саналады.

5. Құрылтайдағы оппозициядан ұсынылған депутаттар арасынан сайланған тұрақты комитеттердің төрағасы мен орынбасарлары Құрылтайдың əртүрлі комитеттеріне сайланады.

 

37-бап. Тұрақты комитеттердің өкілеттіктері

1. Заң жобалау жұмысын жүргізу жөніндегі өкілеттікті іске асыру үшін Құрылтайдың тұрақты комитеті:

1) заң жобаларына қорытынды береді;

2) Құрылтай Бюросының тапсырмасымен заң жобасы бойынша бас комитет болады, депутаттар мен тұрақты комитеттердің түзетулерін жинақтап қорытады;

3) өзі бас комитет болатын заң жобасын қарау үшін жұмыс тобын құруға жəне оның құрамына заң жобасының бастамашыларын, депутаттарды, мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, кəсіпкерлік субъектілерінің өкілдерін, ғалымдар мен мамандарды тартуға құқылы;

4) заң жобасын Құрылтай отырысында қарау туралы Құрылтай Бюросына ұсыныс енгізеді;

5) осы Конституциялық заңға жəне Құрылтай Регламентіне сəйкес өзге де өкілеттікті жүзеге асырады.

2. Тұрақты комитет Құрылтай Бюросының шешімі бойынша тыңдау өткізуді дайындайды, сондай-ақ үкімет сағатын өткізеді.

3. Құрылтай немесе оның Бюросы Құрылтайдың құзыретіне жатқызылған өзге де мəселелерді алдын ала қарау жəне дайындау үшін тұрақты комитетті бас комитет ретінде айқындай алады.

4. Тұрақты комитеттер өз құзыретіндегі мəселелер бойынша қызмет нысаны мен əдісін таңдауда еркін болады.

 

38-бап. Тұрақты комитеттердің отырыстары

1. Тұрақты комитеттердің отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ айына кемінде екі рет өткізіледі.

Тұрақты комитеттің отырыстарына тұрақты комитеттің төрағасы немесе комитет төрағасының орынбасары төрағалық етеді.

Комитеттердің отырыстары мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңды болады.

Комитеттер отырыстарын комитет төрағасы өз бастамасы бойынша немесе комитет мүшелерінің ұсынысы бойынша шақырады.

2. Тұрақты комитеттердің отырыстары ашық түрде өтеді. Құрылтай Регламентінде көзделген жағдайларда жабық отырыстар өткізілуі мүмкін.

Қазақстан Республикасы Президентінің, Вице-Президенттің, Премьер-Министр мен Үкімет мүшелерінің, Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының, Ұлттық Банк Төрағасының, Бас Прокурордың, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының, Жоғары аудиторлық палата Төрағасы мен мүшелерінің, Қазақстан Республикасы Президентінің Əкімшілігі жəне Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппараты басшыларының, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің Құрылтайдағы өкілдерінің комитеттердің кез келген ашық, сондай-ақ жабық отырыстарына қатысуға жəне сөз сөйлеуге құқығы бар.

3. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Құрылтайда аккредиттелген жағдайда комитеттердің ашық отырыстарына қатыса алады.

 

39-бап. Құрылтай комиссиялары

1. Құрылтай комиссиялары Құрылтай отырысында құрылады.

2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-бабының 2 жəне 3-тармақтарында көзделген Құрылтай өкілеттігін жүзеге асыру мақсатында Құрылтай арнаулы комиссиялар құрады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 56-бабының 17) жəне 18) тармақшаларында көзделген Құрылтай өкілеттігін жүзеге асыру мақсатында Құрылтай уақытша комиссиялар құрады.

3. Комиссиялардың қызметі уақытша сипатта болады жəне олардың қарауына шығарылған мəселелермен шектеледі.

Құрылтайдың комиссия құру туралы қаулысында оның міндеттері, құрамы жəне қызмет ету мерзімі айқындалады.

4. Комиссияның жұмысына, егер Құрылтай дауыс берудің өзге тəртібін айқындамаса, Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Құрылтай отырысында ашық дауыс беру арқылы сайланатын оның төрағасы басшылық етеді.